Қарағанды қаласындағы «Абсолют» сауда орталығы отқа оранды, 22 адам құтқарылды (ФОТО)
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін, 21 желтоқсанда сағат 17:19-да Қарағандыдағы Қазыбек би ауданы, Бұқар жырау даңғылында орналасқан «Абсолют Қазақстан» сауда орталығында өрт болғандығы жөнінде хабарлама түсті.
Бұл туралы Қарағанды облысының ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы хабарлады.
Бұл нысанда шатырдың ағаш құрылымы, дүңгіршектер мен 2-ші қабаттағы тауар-материалдық құнды заттар отқа оранған. Жалын тілі шамамен 1400 шаршы метрді шарпыған. Барлық күштер адамдарды құтқарып, қауіпсіз жерге көшіруге және өртті сөндіруге жұмылдырылды. Өрт кезінде 22 адам құтқарылды.
Өрт сөндіруге: ҚР ІІМ ТЖК Қарағанды облысының ТЖД Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамынан 90 адам және 24 бірлік техника (15 негізгі, 9 арнайы техника), Апаттар медицинасы орталығының жеке құрамынын 3 адам мен 1 бірлік техника, «Қарағанды Су» ЖШС 1 адам мен 1 бірлік техника, ІІ бөлімінің жеке құрамынан 143 адам мен 16 бірлік техника жұмылдырылды.