Қарағанды көшелеріне мерекелік автобустар шықты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды көшелерінде 5 мерекелік автобус маршрутқа шықты. Қоғамдық көліктердің жүргізушілері мен кондукторлары жолаушыларға Наурыз көжеден дәм татқызып, бауырсақтар таратуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды автопаркі үш күн бойы қалалық маршруттар бойынша жүретін 5 мерекелік автобусты іске қосты. Қала тұрғындары үшін мерекелік шараны Қарағанды Жастар ресурстық орталығының еріктілері мен қызметкерлері дайындады. Қыздар бауырсақ пісіріп, ұлттық тағам – Наурыз көже дайындады.

«Ауа райы суық болса да біз осындай әдемі киім киіп, ұлттық тағамдарды өз қолымызбен дайындауға шешім қабылдадық. Және қарағандылықтарды осылайша қуантуды жөн көрдік», - дейді мерекелік шараны ұйымдастырушы Аяжан Ералы.
Акцияға белгілі «биші» жүргізуші Айдос Арынов та қатысты. Айта кету керек, ол қалалық акциялардың тұрақты қатысушысы. Қарағандылықтарды жиі тегін тасымалдайды және облыс орталығының өмірі туралы роликтер түсіреді. Бүгін Айдос Арынов жолаушыларды мерекелік автобусқа мініп, көңіл көтеруге шақырады.


«Көптеген қала тұрғындары үшін бүгінгі сапар ерекше тосын сый болды. Бірінші кезекте, біз адамдардың көңіл-күйін көтергіміз келеді. Барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын», - дейді автобус жүргізушісі Айдос Арынов.
Қарағандылықтар автобустағы ән шырқаған кішкентай жолаушыға қосылып, мерекелік әсерге бөленді.
«Бәріңізді Наурыз меркесімен құттықтаймын. Баршаңызға амандық, сәттілік, бақыт тілеймін. Еліміз әрқашан осындай татулық пен бейбітшілікте өмір сүрсін!» - дейді Қарағанды тұрғыны Берік Ахмедиев.

