Қарағанды көшесінде егеуқұйрықтар қаптап жүр
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыдағы Ержанов көшесінің қоқыс алаңында егеуқұйрықтар көбейіп кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаланың орталық көшелерінің бірі саналатын Ержанов көшесі №55 және №43 үй тұрғындары үшін қоқыс жәшігіне бару қорқынышқа айналған. Өйткені бұл жерді егеуқұйрықтар тобы мекендейді. Тіпті олар еркінсіп адамдардан сескене қоймайтын көрінеді.
Тұрғындардың айтуынша, егеуқұйрықтар қоқыс алаңындағы өз аймақтарын қорғап, кісіге айбат шеге бастаған.
«Егеуқұйрықтар қоқыс қалдықтарын жеп семіріп алған сияқты. Мынау енді қаншама инфекция таратады? Жертөлеге үйімізге кіріп жатқан шығар. Осы жерге балалар мен әйелдер қоқыс төгуден қорқатын болды»,-дейді Ержанов көшесінің тұрғыны Сергей Моргунов.
Бұл маңнан адамдар егеуқұйрықты алғаш рет былтырғы жылы жазда байқаған. Сол кезде дабыл қаққан тұрғындар өз әрекеттерімен оларды улап құрта бастаған. Алайда биыл көктем шығысымен олардың қарасы бірден көбейіп кетіп, жұрттың үрейін алып отыр.
Қазыбекби ауданының әкімшілігінің мәліметінше, тұрғын үйлерді басқару формасы болса, онда жәндіктерді тұрғындар өздері улайды, ал мұндай басқаруы жоқ үйлерден егеуқұйрықты улау шарасын әкімшілік жасайды. Егеуқұйрықтың қоқыс алаңында қаптағандықтан онымен күресті қоқыс шығаратын фирма айналысуы керек.
Әлеуметтік желілерде жарияланған қаладағы егеуқұйрықтар туралы бейнежазба соң, қоқыс шығаратын фирма өкілдері олармен күресті бастап кетті. Осыдан бір күн бұрын мұнда егеуқұйрықтардың көзін құртатын улы зат себілген.
Арайлым Сатыбалдықызы