Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының инвестициялық әлеуеті өте жоғары - Т.Мұсабаев

ТАНА. 28 қазан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының инвестициялық әлеуеті өте жоғары.

Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарының инвестициялық әлеуеті өте жоғары - Т.Мұсабаев

Бұл туралы бүгін ҚР Құрылыс істері және ТКШ жөніндегі агенттік ұйымдастырған «2011-2013 жылдарға арналған ҚР аумағын ұйымдастырудың бас кестесін әзірлеу барысы» туралы семинар-кеңесте Қазақ сейсмикаға төзімді құрылыс пен сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау-эксперименттік институты Астана филиалының директоры Тұрлыбек Мұсабаев мәлім етті.

«Қазақстанның өңірлері 3 негізгі топқа бөлінеді. Олардың әрқайсысы өзіндік инвестициялық ахуалымен ерекшеленеді. Жоғары инвестициялық әлеуетті және жоғары тәуекелді топқа өнеркәсібі айтарлықтай дамыған Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары кіреді. Бұл өңірлерде инвестициялық ахуалды жақсартуға қоршаған орта жағдайын түбегейлі өзгерту жолы арқылы қол жеткізуге болады. Өйткені олардың үлесіне ауаға таралатын ластаушы заттар шығарындыларының жартысынан астамы тиесілі», - деді ол ҚР аумағын ұйымдастырудың бас кестесін кешенді әзірлеудің бастапқы кезеңінің қорытындысын таныстыру барысында.

Оның атап өтуінше, екінші топқа Астана қаласы, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан облыстары кіреді. Бұл өңірлердегі инвестициялық ахуалды жақсарту қайта өңдеуші салаларды дамыту негізінде олардың әлеуетін арттыру арқылы жүргізілуі керек. Ал үшінші топқа Павлодар, Қостанай, Атырау және Алматы облыстары жатады. Бұл өңірлерде жоғары инвестициялық әлеует пен төменгі тәуекелдің үйлесуі тән.