Қарағанды музыкалық комедия театры «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының гастрольдері Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Ұжым 8, 9 және 10 қазан күндері «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді. Елордалық көрермендерге алты спектакль ұсынылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды музыкалық комедия театры «Астана Опера» сахнасында өнер көрсетеді

«Бұл біздің елордадағы екінші гастрольдік сапарымыз. Алғаш рет 2019 жылы болды, спектакльдер көпшілікке ұнады. Аншлаг болды. Содан кейін бізді келесі жылға шақырған болатын, бірақ пандемияға байланысты ол сапарымыздан бас тартуға тура келді. Енді міне, толық құраммен барғалы жатырмыз: әртістер, грим жасаушылар, костюмерлер, қосалқы және техникалық цехтар. Реквизитті жеткізу үшін екі Камаз қажет болды», - дейді музкомедия театрының директоры Амантай Ибраев.

Гастрольдік турға арнайы Беларусь Мемлекеттік академиялық музыкалық театрының дирижері Николай Макаревич шақырылды. Спектакльдерге Қарағанды вокал мектебінің дебютант-тәрбиеленушілері қатысады.

Труппа өзінің гастрольдерін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Юрий Александровтың қойылымындағы Имре Кальманның әйгілі «Сильва» опереттасымен ашады. Кешкі бағдарламада әлемдік классика жауһары – Иоганн Штраустың «Вальс королі» опереттасы, сондай-ақ Александр Колкердің «Труффалдино» мюзиклі жарияланған.

Балаларды А. Әбдінұровтың «Сиқырлы құс Самұрық», О.Клюевтің «Сиқырлы гүл», Н. Макаревичтің «Кішкентай мук» музыкалық ертегілеріне шақырады.

Қарағанды театрының репертуарында 280-нен астам қойылым бар. Олардың арасында оперетталар, мюзиклдер, балеттер, опералар, жеке концерттер, романс кештері бар.