Қарағанды облыстық ІІД полицейлік автомобильдің қатысуымен болған жол-көлік апатына қатысты мәлімдеме жасады
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық ІІД баспасөз қызметі Қарағанды орталығында Жаңа жыл қарсаңында орын алған жол-көлік апаты туралы ақпарат таратты.
Төрт көліктің, оның ішінде полицияның арнайы машинасының қатысуымен болған оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқылануда.
«31 желтоқсанда кешке Қарағандының Бұқар жырау даңғылында «Мерседес-Бенцтің» 26 жастағы жүргізушісі Олимпийская көшесі бағытына қарай жүріп келе жатқанда қарсы жолаққа шығып, «KIA CERATO» патруль көлігімен соқтығысқан. Одан кейін «Мерседес Бенц» көлігі «ВАЗ-21014» көлігін жанап өткен. Ал патруль автомобилі «Лада Granta»-ны соққан», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінен.
Полиция ақпаратынша, «Мерседес» жүргізушісі көлік жүргізу құқығынан айырылғанымен рөлді басқаруға отырған.
«Апат салдарынан «Мерседес Бенц» көлігінің 28 жастағы жолаушысы түрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Патрульдік көліктің жүргізушісі мен жолаушысына медициналық көмек көрсетілді. Жол-көлік апаты болған кезде жол-патруль полициясының қызметкерлері қызметте болған», - деді облыстық ІІД баспасөз қызметінде.
Оқиғаның анық-қанығы анықталуда. «Қылмыстық іс қозғалу мәселесі қарастырылуда», - деп қосты баспасөз қызметінде.