Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы адам өліміне соқтырған жол апатына себепші бұрынғы шенеунікті қамауда қалдырды
ҚАРАҒАНДЫ. 1 наурыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық сотының апелляциялық алқасы адам өліміне соқтырған жол-көлік апатына себепші облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бұрынғы басшысы Ерлан Өтешевті қамауға алу жөніндегі қаулыны күшінде қалдырды,
деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісі.
«Қарағандының Қазыбек би атындағы аудандық сотының 2012 жылғы 20 ақпанында Е. Өтешевті қамауға алу жөнінде шығарған қаулысы өзгертілмей қалдырылады, қорғаушының шағымы қанағататтандырылған жоқ», - деп жария етті қаулыны Қарағанды облыстық соты апелляциялық алқасының судьясы Жұмабай Әбішев.
Е. Өтешевтің қорғаушысы Болат Байбақов айыпталушыны үйқамаққа босатуды сұрады. Бұған жәбірленуші тараптың қорғаушысы мен прокурор қарсылық білдірді.
Естеріңізге сала кетейік, 16 ақпанға қараған түні Қарағандыда жол-көлік оқиғасы орын алды, оның салдарынан 52 жастағы әйел қаза тауып, үш адам зардап шекті. Гоголь және Гудермес көшелерінің қиылысында жолдың қарсы бағытына шығып кеткен BMW автокөлігінің жүргізушісі Toyota Corolla және Opel көліктерімен соқтығысты. BMW көлігін облыстық энергетика және ТКШ басқармасының бастығы 41 жастағы Ерлан Өтешев басқарды. Ал үш көліктің жүргізушілері ауруханаға жеткізілген еді. Дәрігерлердің ақпаратынша, Е.Өтешевке бас миының шайқалуы диагнозы қойылды.
2013 жылдың 19 ақпанында Е.Өтешевке қатысты ҚР ҚПК-нің 132 бабының тәртібіндегі күдікті ретінде ұстау хаттамасы толтырылды. Оның палатасының қасында күзет қойылды.
20 ақпанда оған айып тағылып, сол күні Қарағандының Қазыбек би атындағы аудандық сотымен қамауға алу бұлтартпау шарасына санкция берілді. Алайда айыпкер денсаулық жағдайы бойынша ауруханада емделуді жалғастырды.