Қарағанды облысы Абай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасарына сыбайлас жемқорлығы үшін 4 млн. теңге сомасында айыппұл салынды

«Абай аудандық сотында Абай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары М.Бимағамбетовке қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот үкімімен ол ҚР ҚК 2-бөлімі 307-бабында (өкілетті лауазым иесінің қызмет бабын асыра пайдалануы) көзделген сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін айыпты деп танылды. Бимағамбетовке 2000 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды, бұл 3 млн. 964 мың теңгені құрайды», - делінген хабарламада.
Сонымен бірге бұрынғы шенеунік 3 жыл мерзімге мемлекеттік ұйымдарда қызмет атқару құқығынан айырылды.
«Үкім заңды күшіне енгенге дейін бұлтартпау шарасы кепіл түрінде бұрынғыша қалдырылды», - деп қосты облыстық соттың баспасөз қызметінде.
Бұдан бұрын ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру агенттігінің облыстық департаментіне сілтеме жасап хабарланғандай, Абай ауданы әкімінің бұрынғы орынбасары М. Бимағамбетовке қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Тергеу нұсқасы бойынша, әкімнің орынбасары Абай қаласында үй құрылысы үшін учаскені уақытша жер пайдалану құқығымен өзінің зайыбына ұсыну жөнінде заңсыз шешім шығарған. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшінің қарындасы мемлекеттік қордан заңсыз пәтер алған. Сыбайлас жемқорлыққа күдікті аудан әкімінің орынбасары қызметінен босатылған болатын.