Қарағанды облысы әкімдігінде көктемгі су тасқынына қатысты жағдай талқыланды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облыстық әкімдігінде өткен аппараттық жиналыс барысында аймақтағы көктемгі су тасқынына қатысты жағдайы тақыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағанды облысы әкімдігінде көктемгі су тасқынына қатысты жағдай талқыланды

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, жиында өзендеріндегі су деңгейі көтеріліп, жолдарды су басқан аудандардың мәселесі қаралды.

«Жалпы облыста көктемгі су тасқынына қатысты жағдай қалыпты. Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің жоғарғы ағысында қауіп жоқ. Қауіп аумағында Нұра ауданы қалып қойды, бірақ жағдай бақылауда. Самарқан су қоймасында бүгінгі таңда су деңгейі 195 млн.м3 құрап отыр, толтырылуы - 76,7%. Жалпы жыл сайын көктемгі су тасқыны жағдайы ерекше бақылауда», - деп есеп берді облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа.

Қарағанды облысының әкімі мәжілісте жергілікті сипаттағы проблемалар бар екенін атап өтті.

«Шопа өзенінде су деңгейі 30 сантиметрге ұлғайған, жолдардан су өтіп жатыр. Жақын маңдағы елді мекен жолдан үзіліп қалды. Бұл жағдай жыл сайын қайталанады, жазда ол проблеманы шешу қажет. Су өткізетін құбырлардың санын көбейту керек»-деді облыс басшысы.

Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әскербек Халтоновтың айтуынша, қашықтығы 3 шақырым болатын жол ұзақ уақыт бойы иесіз болған. Өткен жылы ол ауданның иелігіне берілді. Қазір жобалаушылар су өткізу қабілетіне қатысты шараларды қарастырып жатыр.

Сондай-ақ оның айтуынша, бүгінгі таңда Шопа кентінде 149 адам тұрады.

«Қанша адам тұратынына қарамастан, біз ондайға жол бермеуіміз қажет, мұндай жәйттер қайталанбауы тиіс. Осы секілді мәселелерді уақытында шешу керек, - деп атап өтті облыс әкімі.

Қазіргі таңда Нұра ауданында да су деңгейі 4 метрге көтеріліп отыр, бір су өткізгіш құбыр жұлынып кетті. Жергілікті маңызға ие Жанбөбек-Башино жолында су жүре бастады. Қазіргі таңда ол жерде тәулік бойы кезекшілік орнатылды.

Ерлан Қошанов бұл аудандарда көктемгі су тасқыны жағдайын бақылауда ұстауды тапсырды. Анатолий Шкарупа облыс аумағын ұшып, аралау барысында анықталған проблемаларға тоқталды.

«Өзендердің арналары көктемгі су тасқыны кезінде жүретін суды өткізе алмайды. Жол картасына өзендерді тазарту шаралары енгізілді. Бұл мақсаттарға жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалды, ағымдағы жылы жұмыстар басталады»,-деді ол. 

Есептерді тыңдап болған соң, аймақ басшысы барлық проблемаларды кідірместен шешуді тапсырды.

«Осының барлығы жыл сайын қайталанады, ол проблемаларды шешу керек. Біз қорғау бөгеттерін салдық, қазір олардың нәтижесін көріп отырмыз. Ұшып аралау барысында олардың тиімділігіне көз жеткіздік, олар елді мекендерді судан қорғай алады. Неліктен Шопада биыл ондай жұмыстар жасалмады? Қазір біз әлсіз жерлерді көріп отырмыз, өзен арналары су жібермей жатыр, оларды тазалау қажет, керек болған жағдайда тереңдету жұмыстарын да жасаңыздар. Бұл жұмыстардың барлығын осы жазда атқару қажет», - деді Ерлан Қошанов.