Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне Берік Әбдіғалиұлы тағайындалды
АСТАНА. 20 наурыз. қазАқпарат - Өңір әкімінің өкімімен, ҚР Президент Әкімшілігінің келісімі бойынша Қарағанды облысы әкімінің орынбасары қызметіне Берік Әбдіғалиұлы тағайындалды.
Ол «Ыбырай Алтынсарин атындағы ұлттық академия» РМКК президенті болып тағайындалған Жанболат Жылбаевтың орнын басты.
Берік Әбдіғалиұлы 1971 жылы дүниеге келді. Білімі жоғары, 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдады, мамандығы - тарихшы.
Теміртау қаласы әкімінің орынбасары, кейін ҚР Президент Әкімшілігінің ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік тілді дамыту Президенттік қорының директоры болып қызмет жасады.
2010 жылдың қаңтар айынан 2012 жылдың қаңтар айына дейін - Ұлытау ауданының және Жезқазған қаласының әкімі.
2012 жылы ҚР Премьер-Министрі бірінші орынбасарының кеңесшісі болды.
2012 жылдың мамыр айынан бастап осы тағайындауға дейін Қостанай облысына қарасты Арқалық қаласының әкімі қызметін атқарды.