Қарағанды облысы Ғ. Мұстафин кентінде су тасқынынан зардап шеккендерге алғашқы екі үй тапсырылды (ФОТО)

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Су тасқынынан зардап шеккен Қарағанды облысы Бұқар-жырау ауданы Ғ. Мұстафин кентінде қайта салынған екі үй пайдалануға берілді, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
None
None

«Егер тұрғындарды қуантқан құрылыс жайлы айтар болсақ, үй өте сапалы салынған. 5 мамырда басталған құрылыс айға жетпей тапсырылды. Соған қуаныштымыз. Қалған мердігерлер де осы қарқынмен жұмыс істесе, күзге дейін үйсіз қалғандар құтты мекендеріне қоныстанып үлгерсе, тамаша болар еді», - деді Қарағанды облысының әкімі Н. Әбдібеков құрылыс барысымен танысу барысында.

Қалған үйлер кезең-кезеңмен салынып жатыр. Билік 1 қыркүйекке дейін барлық зардап шеккендерді жаңа үймен қамтамасыз етуге уәде беріп отыр.

«Тұрғын үй нысандарын салуға 6 млрд. теңгеден астам қаражат талап етіледі. Бүгінде республикалық бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді. Бұдан басқа, қаржыландыру қағидаларына сәйкес барлық құжаттар дайындалуы тиіс. 150-ден астам жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Содан кейін республикалық бюджеттен қосымша қаржы алатын боламыз», - деп хабарлады журналистерге берген сұхбатында өңір басшысы.

Ол құрылысқа қажетті қаржы толықтай шілдеде түсуі тиіс деп болжайды. «Тағы 2-3 транш болады деп ойлаймын», - деп қосты Н. Әбдібеков.

Бұдан басқа, қоғамдық қор қаражатынан құжаттары жоқ 45 үй құрылысын қаржыландыру жоспарлануда.

Құрылысшылардың айтуынша, 1 үй 17 күнде салынса, екіншісі 27 күнде салынған. Жұмыстар мердігерлік ұйымдардың жеке қаражатымен жүргізілді. Алдын ала деректер бойынша шығын 14-17 млн. теңгені құрады.

«Әрине, қысқа мерзімде осындай үйге кіруіміз қатты қуантты. Тіпті сене алмай тұрмыз. Қиыншылықта қол ұшын бергендерге алғысымыз шексіз. Бұрын саман үй еді, енді барлық жағдаймен сапалы үйде тұратын болдық», деді кент тұрғыны Ю. Малышева.

Ғ. Мұстафин кентінде, көрші Нұра стансасында су тасқыны 206 үйді басты. Олар апатты деп танылды. Облыста апатты су тасқынынан кейін 391 үй салу қажет болатын.

Еске сала кетейік, Қарағанды облысында су тасқыны кезінде 51 елдімекенді су басты. 2100 үй су астында қалды. Зардап шеккендерге 719,5 млн. теңге шығынның орны толтырылды. Өкімет орындарының айтуынша, өтемақыны 1700-ден астам отбасы алған.

Соңғы жаңалықтар