Қарағанды облысы Индустрияландыру картасына қосуға жаңа жобалар ұсынуда

ҚАРАҒАНДЫ. 23 желтоқсан. ҚазАқпарат /Валентина Елизарова/ - Бейсенбі күні Қарағанды облыстық әкімдігінде аймақ басшысы Серік Ахметовтың төрағалығымен Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі үйлестіру кеңесінің мәжілісі өтті.

Қарағанды  облысы  Индустрияландыру картасына  қосуға жаңа  жобалар  ұсынуда

Онда Индустрияландыру картасына қосуға ұсынылып отырған жаңа инвестициялық жобалар қаралды.

«21 желтоқсанда ел Президентіне Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан барлық облыстың инвестициялық жобалары таныстырылды. Қарағанды облысында ағымдағы жылы 9 жоба жүзеге асырылды. Дегенмен біздің аймақ өнеркәсіптік кәсіпорындар мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жөніндегі кәсіпорындарды дамытудың үлкен әлеуетіне ие»,- деп атап көрсетті С.Ахметов өз сөзінде.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгінгі мәжілістің қорытындысы бойынша аймақтық Индустрияландыру картасына қосуға екі жоба ұсынылды. Олар: «ҚазАвиаСпектр» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы мақсатындағы ұшақтардың сериялық өндірісін ұйымдастыру жобасы мен «Айқын Жол» ЖШС-нің гофрланған металл құрылғылар шығаратын өндіріс жобасы.

Облыс әкімі аталмыш жобаларды келісу үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жолдау туралы тапсырма берді.