Қарағанды облысы заңдастырылған мүлік құны бойынша 13-інші орынға орналасты
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында мүлік пен қаржы қаражатын заңдастыру науқанының алдын ала нәтижелері шығарылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Науқан басталғалы бері әкімдіктер жанындағы комиссиялар мүлікті заңдастыру бойынша 1314 өтінімді қабылдады, оның 588-і - қайтарылды, жалпы сомасы 12,9 млрд. теңгені құрайтын 759 өтінім қанағаттандырылды. Кейбір өтінімдерде бірнеше нысан көрсетілді. Барлығы 820 нысан заңдастырылды, олардың 121-і тұрғын жайлар», - деп хабарлады облыстық экономика және қаржы басқармасы бастығының орынбасары Ардақ Саттыбаева аймақ әкімдігінде өткен кеңесте.
ҚР Қаржы министрлігінің сараптамасына сәйкес, Қарағанды облысы заңдастырылған мүлік құны бойынша елдің 16 өңірі арасында 13-інші орынға орналасты.
Кеңесте мәлім болғандай, қарағандылықтар жалпы сомасы 124,8 млрд. теңгеге шетелдегі мүліктерін және қаржы қаражаттарын көлеңкеден шығарды. Мемлекеттік кірістер органдарына 725 арнайы декларация тапсырылды. Олар бойынша 123,9 млн. теңге ақша, 119,5 млн. теңгеге бағаланған шетелдегі мүліктер, 650 млн. теңгені құрайтын шетелдік фирмаларға қатысу үлестері заңды көрініс тапты.
«Мемлекеттік бюджетке науқан барысында 13 млн. теңге түсім түсті», - деп мәлім етті облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Қайрат Орқашбаев.
Еске салайық, Қазақстанда мүлік пен қаржы қаражатын заңдастыру науқаны 2004 жылдың 1 қыркүйегінде басталып, 2016 жылдың 31 желтоқсанында аяқталды.