Қарағанды облысына Қытайдан декларацияда көрсетілген құлпытастың орнына контрабандалық жүктер әкелінді
ҚАРАҒАНДЫ. 16 тамыз. ҚазАқпарат - Қарағанды облысына Қытайдан теміржол арқылы халықтық тұтынудың контрабандалық жүктері жеткізілді.
Бұл ретте транзиттік декларацияда «қабір басындағы құлпытастар, мәрмәр және құрылыс материалдары» делінген.
Бұл туралы облыстық кедендік бақылау департаментінің (КБД) баспасөз қызметінен хабарлайды.
«Қарағанды облысы бойынша КБД-нің қызмет ету аймағына «Bereke KARGO» ЖШС мекен-жайына бара жатқан 6 теміржол вагоны және «Мол-Көкше» ЖШС-не бара жатқан 4 теміржол вагоны келіп жетті. Олар «қазақстанның көліктік холдингі» уақытша сақтау қоймасының аумағына орналастырылды. Бұған дейін «Достық» кеденінде екі вагонды шекарадан өту кезіндегі жарым-жартылай алдын ала тексеріс барысында оның ішінен транзиттік декларацияда көрсетілмеген халықтық тұтыну тауарлары анықталды», - делінеді хабарламада.
Ведомствоның мәліметтерінше, транзиттік декларацияда «қабір үстіндегі құлпытастар, мәрмәр және құрылыс материалдары» көрсетілген. Сәйкестендірілген ақпарат облыстық КБД-не жіберілді.
«Кедендік тексеру барысында Қарағанды облысы бойынша КБД-нің контрабандамен күрес басқармасының қызметкерлері Қарағанды көліктік прокуратурасының өкілдерімен бірге тауарлардың транзиттік декларацияларға сәйкес келмеуін анықтады. Қораптардың ішінде балалар киімдері, спорттық костюмдер, шұлық-дамбыл, аяқ киім, автобөлшектер, жиһаздық фурнитура, жабдықтар және тағы басқа тауарлар анықталды», - деп түсіндірді КБД-нің баспасөз қызметінен.
Ведомствоның ақпаратынша, аталған фактілермен материалдар ҚР ҚК-нің 209 бабы («Экономикалық контрабанда») бойынша тіркелді. «Тергеу алдындағы тексеріс жүргізілуде», - деп қосып өтті Қарағанды облысы бойынша КБД-нің баспасөз қызметінен.