Қарағанды облысына «Ұлы дала әуендері» жобасымен Dombyra телеарнасы келді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысына «Ұлы дала әуендері» жобасымен Dombyra телеарнасының түсірілім тобы келді. Шығармашылық ұжымды жергілікті жыршылардың, термешілердің, күйшілердің туындылары қызықтырып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысына «Ұлы дала әуендері» жобасымен Dombyra телеарнасы келді

Бұл экспедиция барысында операторлар мен арна басшысы Сарыарқаның екі қаласы мен бес ауданын аралайды. Түсірілім Қарағандыда басталып, Шет, Бұқар Жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы және Ақтоғай аудандарында жалғасады. Соңғы баратын жері – Жезқазған.

«Dombyra телеарнасы 2019 жылдың наурыз айында іске қосылды. Біздің мақсатымыз – ұлттық өнерімізді келер ұрпаққа жеткізу, қазақ халқының салт-дәстүрлерін насихаттау. Әр өңірде әндерді орындау тәсілі әр түрлі. Сондықтан өткен жылдан бастап біз Қазақстан бойынша экспедицияларға шыға бастадық. Түсірілім барлық облыстарда жүргізілді. Қарағанды облысынан Павлодар өңіріне барамыз. Бұл экспедицияның соңғы кезеңі болады», - деді Dombyra телеарнасының директоры Қанат Ержігітов.

Арна басшылығы мұндай сапарларды жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Тек орындаушылар туралы ғана емес, сонымен қатар әндердің шығу тарихы туралы да айтылмақ.

Қарағанды облысының орындаушыларына арналған бағдарлама қараша айының соңында эфирге шығады. Dombyra телеарнасын тарату Қазақстанның кабельдік желісінде, сондай-ақ Instagram -да жүзеге асырылады.