Қарағанды облысынан Мессаға 350-ден астам католик арнайы келген

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының тұрғыны София Готовская Әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшылары VII съезінің аясында Рим Папасы Францисктің қатысуымен өтетін мессаға қалай дайындалғандарын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мен Қарағандыдан Рим Папасының қатысуымен өтетін қасиетті Мессаға қатысу үшін келдім. Католиктердің шіркеуі әлемнің әр түкпірінде бар. Рим Папасын көру мүмкіндігі бәрімізді осы жерде тоғыстырып отыр. Біз үшін католик шіркеуінің басшысымен бірге Мессаға қатысу ерекше сый деуге болады», - деді католик дінінің өкілі.

Айтуынша, ол бұл күнге өте тиянақты дайындалыпты.

«Бірінші кезекте өзімізді рухани тұрғыда дайындадық. Содан кейін барып сапарды ұйымдастырумен айналыстық. Өйткені Қарағандыдан құлшылық етушілер топ болып келді. Мұнда осы шараға біздің облыстан арнайы келген 350-ден астам адам жүр. Мен үшін бұл Рим Папасының қатысуымен өтетін алғашқы Месса. Таныстарымның арасында осындай шараға қатысу үшін Ватиканға арнайы барған адамдар бар. Мен де бұған дейін Рим Папасын көргенмін. Бірақ ол өткізетін Мессаға бірінші рет қатысқалы тұрмын», -дейді София Готовская.

Айта кету керек, екі күнге созылатын съезге 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйым мүшелері келген.

Діни форумға арнайы қонақ Рим Папасы Францисктен бөлек Әл-Азхардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосиф және басқа да діни жетекшілер, бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысады.

Кеше кешке Президент Қасым-Жомарт Тоқаев съездің арнайы қонағы Рим Папасы Францискті елорда әуежайынан күтіп алды.

Кейіннен Қазақстан Президенті мен Рим Папасы азаматтық қоғам және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті.

Кездесуде католик шіркеуінің басшысы Қазақстанның өлім жазасынан бас тартқанына жоғары баға беріп, Қазақстан Конституциясының наным-сенім бостандығының кепілі екенін атады.

Дін көшбасшысы Францисктің елімізге мемлекеттік сапары Рим Папасы Иоанн II Павел Қазақстанға 2001 жылы келгеннен кейін алғаш рет өтіп жатыр. Бүгін ол елордада месса өткізеді. Оған 3 мыңға жуық адам қатыспақ.





Видеодан алынған кадр


Соңғы жаңалықтар