Қарағанды облысында 1,3 мың шақырым автожол жөнделеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Қарағанды облысында 1 374 шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Бұл туралы өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында 1,3 мың шақырым автожол жөнделеді

«Қарағанды облысында 1 374 шақырым автожол жөндеу жұмыстарымен қамтылады. Бұл – 640 шақырым республикалық маңызы бар автожолдар, 317 шақырым облыстық маңызы бар автожолдар және 417 шақырым жергілікті желілер. 3 мыңға жуық жол-құрылыс техникасын іске қосу, 570 жұмыс орнын құру жоспарлануда. Нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі 92 пайызға дейін жеткізілетін болады», - деді Қарағанды облысының әкімі.

Оның атап өтуінше, «Орталық-Оңтүстік» ауқымды жобасын қоса алғанда, жол инфрақұрылымын жақсарту бойынша жұмыстар жалғасады. Биыл Қарағанды – Балқаш республикалық автожолының төрт жолағы бойынша жол ашылады. Қарағанды – Қарқаралы жолының бес учаскесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Сондай-ақ жақын арада Қарағанды –Жезқазған автожолын қайта жаңартуға кірісеміз. Жоба үш жылға есептелген», – деді Ермағанбет Бөлекпаев.