Қарағанды облысында 1200 шақырымнан астам жол жөнделеді
Жолдарды жөндеу және салу туралы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Сәбит Оспанов Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте айтып берді.
Қарағанды – Балқаш және Балқаш – Бурылбайтал автожолдарын қайта жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазавтожол» ұлттық компаниясының деректеріне сай, биыл бұл жолдарда қозғалыс толықтай іске қосылады. Жаңғырту жұмыстары 2023 жылы толық аяқталады.
«Қарағанды – Жезқазған бағыты бойынша бүгінгі таңда ұзындығы 513 км жолды реконструкциялауға жоба-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Биыл осы бағыт бойынша Қарқаралы қаласының маңында 10 км орташа жөндеу және Ботақара кенті ауданын жарықтандыру қарастырылған», – деп хабарлады Сәбит Оспанов.
Бұдан басқа, «Қазавтожол» Қарағанды филиалының ақпараты бойынша, 2023 жылға Матақ – Қарқаралы учаскесінде 74 км орташа жөндеу жоспарланған.
Облыстық маңызы бар жолдарға келетін болсақ, Новодолинка – Шахан – Молодецкое автожолының 17 шақырымын қайта жаңартуды аяқтау жоспарланып отыр. Осакаровка – Молодежное бағыты бойынша 16 км жаңа жабын төселіп, жоба 2023 жылы толығымен бітеді.
Үштөбе – Құрылыс автожолының 9 шақырымында қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қарабас – Жартас – Долинка автожолында ұзындығы 21 км учаске жөнделеді.
«Нұра – Шахтерское – Пржевальское автожолының учаскесін қайта қалпына келтіру аясында 20 км жаңа жабын бойымен қозғалыс қамтамасыз етіледі. Нұра және Осакаровка кенттерінің арасындағы қайта құру учаскесінде ауқымды жұмыстар көзделген. Жөндеу жұмыстарымен 20 км жол қамтылды», – деді Сәбит Оспанов.
Бұқар Жырау ауданы Ғабиден Мұстафин кентінің жанындағы Нұра өзені арқылы өтетін көпірдің жобасын түзету аяқталу сатысында. Мамандар құрылыс-құрастыру жұмыстарына биыл кіріседі.
Сондай-ақ, «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы аясында Ақтоғай және Шет аудандарының 12 км кентішілік жолдарын жөндеуге қаражат бөлінді. Сексен шақырым жол «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөнделеді.
Облыс орталығында Майқұдық (к. Маркс және Магнитогорская көшелері) жолы мен 7-магистралінің күрделі жөндеуі аяқталады.
Спикер жол жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, облыста қоғамдық көлік жаңартылады. Биыл Қарағандыда 100 жаңа автобус, Теміртауда – 70, Балқашта – 7 қоғамдық көлік сатып алу жоспарлануда.