Қарағанды облысында 13 мың сайлаушы бірінші рет дауыс береді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына Қарағанды облысында белсенді дайындық жүріп жатыр. Бүгінгі таңда облыс бойынша 761,5 мың сайлаушы тіркелген. Оның 13 мыңы бірінші рет дауыс береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Қарағанды облыстық сайлау комиссиясында мемлекеттік органдардың өкілдерімен бірлескен отырыс өтті. Қалалар мен аудандардың әкімдері, сондай-ақ түрлі ведомстволардың өкілдері алдағы сайлауға дайындық туралы баяндады.

Өңірде 863 сайлау комиссиясы жұмыс істейді: облыстық, аумақтық, округтік және учаскелік комиссиялар. Бүгінгі таңда 761,5 мың сайлаушы тіркелген. Осы сайлауда 13 мың адам бірінші рет дауыс береді. Сайлаушылар тізімдері әлі де қалыптастырылып жатыр.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов түсіндіргендей, сайлаушыға бес бюллетень беріледі. Бланкілер түрлі түсті болады. Мәжіліс депутаттарын партиялық тізімдер бойынша таңдау үшін – көк, ал бір мандатты округтер бойынша – жасыл. Облыстық мәслихат депутатына дауыс беру үшін күлгін және қызғылт сары түсті бюллетеньдер, қалалық және аудандық мәслихаттарға – сұр түсті.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев сайлау учаскелерін жарақтандыру жөнінде тапсырма берді.

«Заңнамаға сәйкес әкімдіктер сайлау учаскелеріне сайлаушылар тізімін берді. Сайлаушылар базасына адамдардың жекелеген санаттарын – студенттер, вахташылар, әскери қызметшілерді қосу бойынша жұмыс жүргізілді. Азаматтарды сайлау құқығын іске асыру мүмкіндіктері туралы хабардар ету маңызды. Түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Мүгедектігі бар жандар үшін сайлау учаскелерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету ерекше назарда», - деді аймақ басшысы.

Облыстағы мүгедектігі бар сайлаушылар саны – 50 485 адам. Олардың арасында ерекше қажеттіліктері бар адамдар тіркелген: арбамен жүріп-тұратындар, көру, есту және сөйлеу қабілеті нашар немесе мүлдем айрылған жандар. Барлық санаттағы адамдар үшін сайлау учаскелерінде тиісті жағдайлар қарастырылған.

Сайлаушылар тізімінен өзінің мәліметтерін тексеру үшін азаматтарға бірнеше тәсіл ұсынылады: әкімдіктердің сайттарында, sailau09.kz, сондай-ақ senim109 қызметіне қоңырау шалу.

Айта кетсек, облыс бойынша сайлауға 665 кандидат түседі.

«Облыс бойынша барлығы 665 кандидат тіркелді, оның ішінде Мәжіліске екі бір мандатты округ бойынша – 21. Барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттары сайлауына 644 адам түседі. Бір депутаттық мандатқа орташа бәсекелестік 3, 4 үміткердкен келеді», - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Қайрат Нүркенов.


Соңғы жаңалықтар