Қарағанды облысында 14 медицина нысанының құрылысы басталды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша айдарды жалғастыра отырып, Қарағанды облысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы іске асырыла бастағанын хабарлаймыз.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ұлттық жобаның шеңберінде 2023-2024 жылдардың ішінде 655 медицина нысанын салу, аудандық ауруханаларды көпбейінді медициналық мекемелер деңгейіне дейін жаңғырту, мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі және ауыл тұрғындарын скринингпен қамтуды ұлғайту, елді мекендерде медициналық ұйымдардың базасында дәріхана пункттерін құру, кадр мәселелерін шешу және ауылда медициналық көмекті дамытудың басқа да бірқатар бағыттары жоспарланған.


2023 жылға 99, оның ішінде Қарағанды облысында 14 медициналық нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына қаражат бөлінді.
Бүгінгі таңда барлық 14 нысан жер жұмыстары сатысында (іргетастың негізін дайындау). Ұлттық жобаға сәйкес Қарағанды облысында Бұқар Жырау ауданының Қарақұдық, Новоузенка, Ақтөбе, Қарқаралы ауданының Томар, Ақжол, Татан, Н.Қайрақты, Жұмыскер, Таглин, Босаға, Көктенкөл, Киікті, Бұрма ауылдарында және Шет ауданының Ақшатау ауылында, сондай-ақ Ақтоғай ауданының Ақжарық ауылында фельдшерлік-акушерлік пункттер ашылады.

