Қарағанды облысында 163 сыныптың оқушылары карантинде

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Мектептер офлайн-режим ауысқалы оқушылар арасында коронавирус жұқтыру жайттары қаншалықты артқанын және қанша сынып карантинге жабылғаны туралы брифинг барысында Қарағанды облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында 163 сыныптың оқушылары карантинде

Оқушылардың дәстүрлі оқу форматына көшуіне байланысты Қарағанды облысында балалар мен жасөспірімдер арасында COVID-19 шалдығу артқаны байқалды. Аймақ бойынша індетті жұқтыру жағдайларының 20% астамы – 18 жасқа дейінгі балалар.

Облыстың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, жаңа оқу жылы басталғалы мектеп оқушылары арасында вирус жұқтырғандардың үлесі 0,9% құрады.

«Бір инкубациялық кезеңде сыныптардың 30% астамында вирус жұқтыру тіркелгенін ескере отырып, 13 мектепте 1-ші ауысым карантинге жіберілді.

Бірақ қазір барлық ауысымдар штаттық оқыту форматына оралды. 5 қарашадағы жағдай бойынша, облыста 163 сынып карантинде қалып отыр.

Қабылданған эпидемияға қарсы және алдын алу шаралары білім беру ұйымдарында эпидемиологиялық процесті тұрақтандыруды қамтамасыз етті. Сонымен қатар, егер 21-27 қазан аралығында оқушылар арасында орташа тәуліктік аурушаңдық тәулігіне 20 адамды құраса, соңғы аптада тек 16 жаңа жағдай тіркелді», - деді Юрий Залыгин.

Айта кетейік, бір оқушыда коронавирус анықталған жағдайда бүкіл сынып үй карантиніне жіберіледі. Ал дәл сол ұжымда жаңа жағдайлар анықталса, оқшаулау кезеңі ұзартылады.