Қарағанды облысында 18 мың адам газдың қосылуын күтіп отыр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарын газбен қамту үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов өңір басшысынан:
«Сіздерде халықтың газға қосылу деңгейі төмен. Бүгінде қосылған абоненттер саны не бәрі 3 мың адамды құрап отыр. Ал күтіп отырған абоненттердің саны бұдан 6 есе көп. Қандай іс-шара қабылдайсыздар?», - деп сұраған еді.
Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, облыста, Қарағанды және Теміртау қалаларында салынған газ тарату желілері 5 800 жеке тұрғын үйге жетізілген.
Бүгінгі күнге дейін жеке тұлғалар үшін 1 300 техникалық шарт берілді. Ол дегеніміз - 22 пайыз.
«Біріншіден, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін әлеуметтік төлемдер бөлінді. Бүгінде 102 адам осындай төлем алды. Бұл жұмысы жалғасып жатыр. Екіншіден, Еуразиялық және Халық банктері арқылы тұрғындарға пайызсыз несие беру тетігі қолданылып жатыр. Үшіншіден, осы ылдың мамыр айынан бастап облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту орталығы арқылы 120 шаршы метрге дейінгі жеке тұрғын үйлер үшін 5 жыл мерзімге пайызсыз қайтарымды қаражат бөлінеді. Мұның бәрі тұрғын үйлерді газдандыруды едәуір арттыруға мүмкіндік береді», - деді облыс басшысы.