Қарағанды облысында 2025 жылға дейін 150 мың жұмыс орнын құру жоспарланған
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – 2025 жылға дейін Қарағанды облысында 150 мың жұмыс орнын құру, 30 мыңға жуық отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы «Nur Otan» партиясының облыстық филиалының төрағасы Жеңіс Қасымбектің қатысуымен өткен Саяси кеңес отырысында мәлім болды. Жиында облыстық партия төрағасының бірінші орынбасары Қадиша Оспанова «Nur Otan» партиясының өңірді дамытуға бағытталған Жол картасының мақсат-міндеттерімен тыныстырды.
Оның сөзінше, партия өкілдері Жол картасын дайындамас бұрын облыс тұрғындарымен кездесіп, оларды қандай мәселелер толғандыратынын білген. Нәтижесінде қала мен ауыл тұрғындарының 1 500 өзекті деген ұсынысы негізінде 2025 жылға дейінгі Жол картасы әзірленген. Онда 6 400-ден астам іс-шара және 1715 нысаналы индикатор бар.
Өңірдің ерекшеліктерін ескере отырып, жеті басымдық қалыптастырылды. Олардың арасында әлеуметтік-экономикалық даму, жастарды қолдау, қылмыс деңгейін төмендету және т. б. бар.
«Біздің алдымызда сайлауалды уәделердің орындалу сапасын бақылау міндеті тұр», - деп атап өтті Қадиша Оспанова.
Өңір басшысы барлық жауапты тұлғаларға белгіленген жоспарлардың орындалуын бақылауға алуды тапсырды.
«Партияның аумақтық филиалдарының төрағалары, қалалар мен аудандардың әкімдері жеті басымдық бойынша «Nur Otan» партиясының Қарағанды облысындағы сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасын орындау жөнінде шаралар қабылдауы қажет. Облыстық басқармалар мен қалалар мен аудандар бөлімдерінің басшылары индикаторлардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етсін», - деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.