Қарағанды облысында 3 ауылдың атауы өзгереді
Елді мекендердің атауын өзгерту шешімі олардың атауларының идеологиялық тұрғыда ескіруінде болып отыр.
Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі Гүлнарайым Қаңтарбекованың мәліметінше, көшелердің атауларын ауыстыру - ауқымды шара және ол бүкіл республика бойынша жүріп жатыр.
«Ауыл тұрғындарының келісімімен Киевка ауылы Нұра, Дальний ауылы- Аманқоңыр, Щербаковское ауылы- Қайнар болып өзгертіледі»,-деді Гүлнарайым Қаңтарбекова.
Сонымен қатар Приозерск қаласындағы Центральная көшесі - Тәуелсіздік, Пионерская көшесі - Ақмамық, Нагорная көшесі Көкжиек болып өзгереді. Ал, Приморский көшесіне - Бәйтерек, Приозерная көшесіне - Көктеңіз, Новая көшесіне - Қоржынтүбек, Песчаная көшесіне - Наурыз атаулары беріліп, Бульвар Советской Армии - Жеңіс бульвары болады.
Аталғандармен қоса, Сәтбаевтағы № 6 шағын аудан Нұрлы мекен деп аталады. Депутаттар ауылдар мен көшелердің атауларын ауыстыру туралы ұсынысты бірауыздан қолдады. Көшелер мен ауылдардағы атаулар жазылған жазуларды өзгертуге қанша қаржы жұмсалатыны туралы әзірге ештеңе айтылмайды. Жақын күндерде депутаттар қабылдаған қаулы әділет органдарында тіркеледі.