Қарағанды облысында 311 мың тонна картоп жиналды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылы өңірде жиналған картоп мол болды. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қарағанды облысының Ауылшаруашылық басқармасының басшысы Юржан Бекқожин мәлім етті, деп хабарлайды облыс әкімдігінің ресми сайт ы.
- Біздің есептеуімізше облысымыздың бір жылдық көкөніске деген қажеттілігі 200 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде картоп - 132 мың тонна. Біз биылғы жылы 311 мың тонна картоп, 101,0 мың тонна көкөніс жинадық. Жаңа технологиялар мен тыңайтқыштарды пайдаланудың нәтижесінде жиналған бұл өнім өткен жылмен салыстырғанда сәл көптеу, - деді Юржан Бекқожин.
Картоп бағасының өсуі, оның айтуынша, Қарағанды облысынан көкөністерді Өзбекстан мен Қазақстанның басқа да аймақтарына тасымалдануымен байланысты.
- Біздің нарықтан Өзбекстанға шамамен 7,5 мың тонна жіберілді, - дейді ауылшаруашылық басқармасының жетекшісі. - Оған қоса, картоп республиканың оңтүстік аймақтарында тапшы болды, әсіресе Алматы облысында. Міне, сондықтан баға көтеріліп кетті. Өзбекстан мен еліміздің оңтүстік аймақтарынан келген сатып алушылар қарағандылық картопты алқаптардан ала бастады, осылайша бағаны көтеріп жіберді. Оның бір келісі 100 теңгеге дейін өсіп кетті. Бірақ қазір Өзбекстанға картоп жіберіліп жатқан жоқ, Алматы облысына Ресей мен Беларустен жеткізілді. Соның нәтижесінде біздегі баға біраз тұрақталды. Қазіргі таңда картоптың бағасы 89-90 теңгені құрайды».