Қарағанды облысында 313 сырқат коронавирустан кейін оңалтудан өтті
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Қарағанды облысында ковидтен кейінгі оңалтудан 313 адам өтті. Оңалту ем-шаралары медициналық сақтандыру қоры қаражатынан төленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биыл КВИ ауыр түрі мен ауырлығы орташа дәрежедегі науқастарды оңалтуға медициналық сақтандыру қоры 108,7 млн теңге бөлуді жоспарлап отыр. Оның 24,7 млн теңгесі облыстың оңалту орталықтарына жіберілді.
«МӘМС енгізілуімен медициналық оңалту жаңа деңгейге шықты. Қан айналымы жүйесі ауруларынан (инфаркт, инсульт), кардиохирургиялық, нейрохирургиялық және травматологиялық оталардан кейін науқастарды оңалтудан басқа, қазір коронавирустық инфекциядан кейін оңалтуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыста COVID–19-дан кейін қалпына келтіру курсынан бес медициналық ұйымда өтуге болады – бұл «Тұлпар» ЖШС, «Жезқазған медициналық орталығы», «Шипагер» балаларды оңалту орталығы», «Жаңа емхана», «Березняки» санаторийі», – деп хабарлады медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалында.
«Тұлпар» орталығында КВИ-ден кейін пациенттерді оңалту үшін жеке корпус жұмыс істейді, оның ауданы - 2 000 шаршы метр.
Қосымша жабдықтар, оның ішінде оттегі концентраторлары мен биотрондар сатып алынды.
Қалпына келтіру курсы орта есеппен 10 күнге созылады. Бұл ретте әр пациенттің жағдайына байланысты.
Орталық мамандары алдымен емделушінің жағдайын, өкпенің зақымдану көлемін, бар асқынуларды, қатар жүретін ауруларды бағалайды.
Осы көрсеткіштерге сәйкес науқасқа вибромассаж, жарықпен емдеу тағайындалады – биоптрон, электрофорез, ингаляция, физиотерапия жаттығулары.
«Сонымен қатар, бізде психологиялық оңалту жүріп жатыр. Пациенттердің 90%-ында ковидтен кейінгі депрессия, қорқыныш, ұйқысыздық, мазасыздық бар. Психолог топтық және жеке сабақтар өткізеді, демалуға арналған жаттығуларды көрсетеді», – дейді «Тұлпар» орталығының реабилитологы Баршын Мырзаева.
Вибромассаж ентігу, жөтел сияқты өткен аурудың қалдық құбылыстарынан арылуға көмектеседі.
«Бұл өкпе тініне әсер етеді және осы белгілерді жояды. Оны 7 күнге тағайындаймыз. Биоптронның қабынуға қарсы, қалпына келтіретін әсері бар. Ол 10 күнге тағайындалады», – деп түсіндірді «Тұлпар» физиомедбикесі Салтанат Махамбетова.
Қарағандылық Оксана Ысқақова осы жылдың мамыр айында коронавирус инфекциясын жұқтырған. Ол ауруханаға өкпенің 30% зақымдануымен түскеен.
Шығару кезінде бұл көрсеткіш 20% құрады. Қазір әйел оңалту курсын аяқтап жатыр және оның айтуынша, жағдайы айтарлықтай жақсарып келеді.
«Мен ауруханадан шыққан соң маған емханадан қоңырау шалып, оңалту бар екенін хабарлады. Екі апталық карантиннен кейін мен тестілеуден өтіп, жұма күні кешке порталға өтініш бердім. Жексенбіде мен ауруханаға жатқызу күні туралы хабарлама алдым. Онда мен ентікпемен түстім. Қазір тыныс алуым жеңілдеді, жағдайым жақсарып келеді», – деді Оксана Ысқақова.
Бүгінгі күні «Тұлпар» орталығындағы тәулік бойы стационардың барлық 55 төсегі бос емес.
Соңғы екі айда өңірде ковидтен кейінгі оңалтуға сұраныс артты. Дегенмен, қалпына келтіру емінің қарсы көрсетілімдері де бар.
Оңалту процедуралары қатерлі ісік, жұқпалы аурулармен ауыратын науқастарға, сондай-ақ ауыр тыныс алу жеткіліксіздігімен және кейбір жүрек ауруларымен ауыратындарға рұқсат етілмейді.