Қарағанды облысында 4,4 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 4,4 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі. Бұл жайында Сенат депутатының сауалына ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында 4,4 мың гектар суармалы жер қалпына келтіріледі

Айта кетейік, сенатор Рысқали Әбдікеров Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалында Қаныш Сәтпаев атындағы каналдың қуатын ауыл шаруашылығында толық пайдалануға мүмкіндік жасап, Қарағанды облысында суармалы жеміс-көкөніс алқабының көлемін арттыруды және оған тиісті қаражат бөлуді ұсынған болатын.

«Қ. Сәтбаев атындағы су арнасының жобалық қуаты бүгінгі күні жылына 1,2 млрд текше метр суды құрайды. Каналдың жылдық су тұтынуы (өнеркәсіптік кәсіпорындар, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, табиғатты қорғау, су арналары және басқа ұйымдар) 2022 жылы 477,8 млн текше метр болды. 2023 жылы 492 млн текше метр көлемінде су беру жоспарлануда. «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жобасы аясында суармалы жерлерді ұлғайту мақсатында Қарағанды облысында 2023-2024 жылдары 42,9 шақырым суару каналдарын қайта жаңарту жоспарлануда. Нәтижесінде 4,4 мың гектар суармалы жер қалпына келтірілетін болады», - деді Үкімет басшысы жауабында.

Сондай-ақ Премьер-Министр «2030 жылға дейін суармалы жерлердің ауданын 3 млн гектарға дейін жеткізу» бағдарламасы аясында Қарағанды облысы бойынша айналымға жаңа 100 мың гектар суармалы жерлерді енгізу көзделіп отырғанын айтады.

Бұл іс-шара ауыл шаруашылығы өнімін өндіруді ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. 2023-2024 жылдарға арналған осы бағдарламаны іске асыру үшін Қарағанды облысының әкімдігі суармалы жерлерді 14,9 мың гектарға (2023 жылы – 4 мың гектар, 2024 жылы – 10,9 мың гектар) дейін ұлғайту жоспарын әзірледі», - деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы Павлодар облысында суармалы егіншілікті дамыту үшін 16,9 млрд теңге сомасына жалпы ауданы 20,1 мың гектар суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізу бойынша әзірленген жобалау- сметалық құжаттамасы бар 22 жобамен жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтеді.

«Жоғарыда аталған жобаларды іске асыру қорытындысында суару алаңын 2030 жылға қарай 190 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Бұдан басқа, Павлодар облысында ауыл шаруашылығының су шығынын азайту үшін суармалы жерлерді енгізудің ұлғаюына байланысты жыл сайын тамшылатып суарылатын алаңдар және суарудың дисперсті тәсілімен жаңбырлатқыш машиналарды пайдалану ұлғаяды. Осылайша, тамшылау технологияларын қолдана отырып, жыл сайын ауданды ұлғайту шамамен 200 гектарды құрайды. Қазіргі уақытта тамшылау технологиялары 1000 гектар аумақта қолданылады», - деді ол.


Фото: sorochinsk.info