Қарағанды облысында 400-ден астам адам, 172 көлік қар құрсауынан құтқарылды

деп хабарланды облыстық ТЖД-нің баспасөз қызметінен.
«Қарағанды облысының аумағында 7 наурыз сағат 11.00-ден бастап ауа райы күрт өзгерді (қарлы бұрқасын, боран, қар құрсауы). Шұғыл көмек көрсетіліп, 411 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді, 172 техника қар кептелісінен шығарылды», - делінген хабарламада.
Кеше Шет ауданында Шойынтас кенішінен жаяулатып шыққан 7 адам адасып кеткен. Құтқарушылар ұялы телефон арқылы байланысып, бағыт-бағдар берді. Олар кенішке аман-есен қайта оралды.
Абай ауданында «Алматы-Екатеринбор» тас жолының 1533 шақырымында, Спасск және Ақбастау арасында көліктер легі кептеліп қалды. «Бұған 11 техника, 40 адам жұмылдырылды. 8 наурыз күні сағат 5-ке қарай кептеліс жойылды, қозғалыс жанданды. Нәтижесінде 29 адам қауіпсіз аймаққа көшірілді, қарға малтыққан 88 техника мен 256 адам құтқарылды.
ТЖД ақпараты бойынша, Осакаров ауданында «Алматы-Екатеринбор» тас жолының 1396 шақырымында жол-көлік апаты орын алды, соның салдарынан 31 көлік тұрып қалды. Кептелісті жою үшін техника және жол ұйымдары мен ЖПБ-нің жеке құрылымы жұмылдырылды.
Нұра ауданында 7 наурызда «Шұбаркөл» разрезінің солтүстік-батысындағы жаңа теміржол құрылысының учаскесінде 10 техника - 7 самосвал, 2 бульдозер, 1 грейдер қар кептелісінде қалып қойды. Сағат 14.00-де оқиға орнына 5 адам мен «Найза-Құрылыс» ЖШС-нің 5 техникасы шықты. Сағат 18.00-де 23 адам шығарылып, Шұбаркөл кентіне жеткізілді.
Қарағандыда бейсенбі күні кешқұрым «Солонички-Сортировка» тас жолында 4 жеңіл көлік қар құрсауында қалып қойды. Құтқарушылар Сортировка кентіне 12 адамды жеткізді.