Қарағанды облысында 58 жастағы кәсіпкердің өліміне қатысты қылмыстық іс ашылды - ҚР ІІМ
АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қарағанды облысында 58 жастағы ер азаматтың өліміне қатысты қылмыстық істің беті ашылды.
Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Қуанышбек Жұманов мәлім етті.
Кәсіпкердің өлі денесі, ресми өкілдің айтуынша, оның автобөлшектер сататын дүкенінде табылған. Кассадан 70 мың теңге сомасындағы ақша, ал ауладан жәбірленушінің «Тойота Прадо» көлігі жоғалған.
«Сол күні жол полициясының қызметкерлері «Тосқауыл» жоспарын іске қосты. Нәтижесінде ұрланған көлік ұсталып, қылмысты жасаушылар - 20-22 жас аралығындағы екі жергілікті тұрғын қамауға алынды»,-деп мәлім етті ресми өкіл.
Күдіктілер көлікті ұрлау мақсатында дүкенге автобөлшектер сатып аламыз деген сылтаумен келгендері белгілі болды. Содан кейін дүкен иесінің жалғыз қалғанын аңдып, оны өлтірген және кассадағы ақшаны жымқырып, жәбірленушінің көлігімен бой тасалаған.