Қарағанды облысында 6 көшпелі медициналық кешен жұмыс істейді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында алты көшпелі медициналық кешен жұмыс істейді. Кешен арқасында шалғай ауыл тұрғындары медициналық тексеруден өтіп, әртүрлі сала мамандары кеңес береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Көшпелі медициналық кешендер Жезқазған көпсалалы ауруханасының, Абай, Осакаров және Қарқаралы аудандарының орталық аудандық ауруханасы, Теміртау және Қарағанды қаласының №4 және №5 емханасының меншігінде. Әрбір медициналық ұйымның өз қызмет көрсету аумағы бар.

Мысалы, №5 емхананың дәрігерлері кешенмен Бұқар жырау ауданының елді мекендеріне барады. Жазда ол акушер-гинеколог, офтальмолог, педиатр, стоматолог, терапевт, хирургтерді алып жүреді. Осының арқасында 13,5 мың адам қант диабетін, артерия гипертензиясын, глаукоманы және басқа да ауруларды ерте анықтау үшін тексеруден өтті.

«Көшпелі кешен шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарына аудан орталығына немесе қалаға баруға тура келетін медициналық тексеруден өтуге және консультация алуға мүмкіндік береді. Біз ауыл тұрғындарын көшпелі медицина кешені келгені туралы алдын ала хабардар етуге тырысамыз», – деді Қарағанды қаласының №5 емханасының директоры Марал Баязитова.

Әр кешен бірнеше мамандандырылған кабинеттен тұрады, онда сала мамандары қабылдау жүргізеді. Сынама алу аймағы және функционалдық диагностика кабинеті, сондай-ақ рентген және флюорографияға арналған бөлме бар.

Медициналық сақтандыру қоры биыл КМК қызметтеріне 503,5 млн теңге бөлді. Қаражат ТМККК және МӘМС шеңберінде жасалған консультация мен сынамаларды төлеуге жұмсалады.

«Көшпелі медициналық кешеннің қызметі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде де, МӘМС пакеті шеңберінде де көрсетіледі. Басқаша айтқанда, шалғай елді мекендердің тұрғындары медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, КМК-де консультация алып, тексеріледі», – деп атап өтті медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Қопабаев.

Соңғы жаңалықтар