Қарағанды облысында 750-дей рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Қарағанды облысында 745 рұқсат етілмеген қоқыс орны анықталды. Олардың 725-і жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында 750-дей рұқсат етілмеген қоқыс орны жойылды

Қатты тұрмыстық қалдықтарды рұқсатсыз сақтау орындары космомониторингтің көмегімен анықталады. Бұл жайлы Қарағанды облысының Экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте айтты.

«Жылдан жылға облыс бойынша рұқсат етілмеген полигондардың азаюы байқалады. Мәселен, Қарағанды, Теміртау, Бұқар жырау, Осакаров аудандары бойынша қоқыс үйінділерінің азаюы байқалады, – деді Қанат Мұсапарбеков. — Бұқар Жырау ауданы, Қарағанды және Балқаш қаласы рұқсат етілмеген қоқыс үйінділерінің саны бойынша антилидерлер болып табылады. Егер алғашқы екеуінде оларды жою жұмыстары жоспарлы түрде жүргізілсе, Балқашта белгілі бір қиындықтар бар».

Экология департаментінің басшысы келтірген мәліметке сай, өткен жылы Қарағанды облысында қалдықтарды орналастырудың рұқсат етілмеген орындарын анықтау, жою және болдырмау жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілді. Әкімдіктер, полиция департаменті және жерді пайдалану мен қорғауды бақылау және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармалары полигондармен бірлескен күрес жүргізуге міндеттенді.