Қарағанды облысында 8 жаңа білім беру нысаны пайдалануға берілмек
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Білім беру сапасын арттыру, дәстүрлі оқуға қайта оралу – бұл мәселелер Қарағанды облысы педагогтарының дәстүрлі тамыз кеңесінде талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгін білім беру сапасын қамтамасыз етудегі өңірлік мазмұн мәселелерін талқылаймыз. Ерекше кезеңге қарамастан, жүйені жетілдіруге көп көңіл бөлінеді. Биыл білім беруге 182 млрд теңге бөлінді, бұл облыстың жалпы бюджетінің 40%-ы. Өңірде 11 білім беру нысанының құрылысы жүргізілуде: Қарағанды, Жезқазған, Саран қалаларында, Жаңаарқа және Шет аудандарында 4 мектеп және 4 жапсарлас қосымша құрылыс, Жезқазған мен Сәтбаев қалаларында 2 балабақша, Сәтбаев қаласындағы Оқушылар сарайының құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 8 нысанды іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн-кеңесті аша отырып.
Облыс орталығында 1 қыркүйекте жаңа Оқушылар сарайы ашылады.
Жаңа оқу жылына қарай 164 білім беру нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізілді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыс атқарылды. Барлық оқу орындарында дабыл түймелері мен дауыстық ескерту жүйелері пайда болды. Жартысынан көбі турникеттермен жабдықталған, сондай-ақ арнайы күзет кезекшілік ететін болады. Қаңтар айынан бастап барлық бейнебақылау жүйесін жаңарту басталады.
Балабақшаларда ата-аналар мектепке дейінгі тәрбие сапасын бағалайтын жаңа үлгі енгізіледі.
Кеңеске қатысушылар жаңа жобалар мен бастамалар туралы әңгімелейді. Тікелей эфирдің арқасында кездесу мыңдаған мамандар мен ата-аналар аудиториясын жинады. Нұр-Сұлтан қаласынан эфирге Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Ғани Бейсембаев, ҚР БҒМ Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры, білім министрінің Балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі кеңесшісі Раиса Шер қосылды.