Қарағанды облысында алтын мен мыс кені табылды

АСТАНА.  ҚазАқпарат - «Қазгелология» Ұлттық геологиялық барлық компаниясы» АҚ 2015-2017 жылдары Қарағанды облысының Тасты мен Сарыадыр учаскелерінде жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының есебін таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысында алтын мен мыс кені табылды

Іздеу жұмыстары мемлекеттік тапсырыс аясында жүргізілді. Тасты учаскесі бойынша жобаның жалпы құны 343 млн, ал Сарыадыр учаскесі бойынша 399 млн теңгені құрады.

«Алынған нәтижелер негізінде пайдалы қазбаларды орналастырудың бекітілген заңдылығын ескере отырып, Тасты алаңында екі учаске бөлініп алынды. Оның бірі колчедан-полиметаллды, титанмагнетитті, екіншісі алтын кенді. Қызылтау алаңындағы колчедан-полиметаллды, титанмагнетитті минералды аймағы Р1+Р2 санаты бойынша болжамды ресурстардың мынадай баға нәтижелерін көрсетті: кен - 106 млн тонна, қос тотықты титан - 2,7 млн, темір 9,7 млн тонна», - делінген ұлттық компания таратқан ақпаратта.

Солтүстік Сүмбе алаңында мыс-алтын кен орнында Р3 санатындағы болжамды ресурстардың көлемі мынадай: кен - 7,5 млн, мыс - 8,3 мың, алтын - 1,7, күміс - 3 тонна.

Сарыадыр алаңындағы жұмыстар бойынша мыс-порфирлі үлгідегі Алматы учаскесі анықталды. Аталған учаскедегі Р1 санатындағы болжамды ресурстар мыналар: кен - 141 млн, мыс - 311 мың, молибден - 7 мың тонна.