Қарағанды облысында аудан әкімінің орынбасарына пара алды деген күдік келтірілді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысындағы Абай ауданы әкімінің орынбасарына кәсіпкерге «қамқорлық» көрсету үшін 1,5 млн теңге көлемінде пара алды деген күдік келтіріліп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шенеунік ЖШС жетекшісімен кездесуден соң қолға түсті. Оны Сыбайлас жемқорлықпен күрес ұлттық бюросының қызметкерлері 2017 жылдың 25 қазанында кешкісін қолға түсірді.
Тергеу мәліметтері бойынша, шенеунік 1,5 млн теңге параны «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында салынған нысан бойынша атқарылған жұмыстар актісіне еш кедергісіз қол қою және бұдан әрі де кәсіпкерге «қамқоршылық» таныту үшін алған.
Сот залында айыпталушының адвокаты оның тұрақты мекенжайы бар екенін, бұрын сотталмағандығын алға тарта отырып, «қамауға алу» шарасын жұмсарту жөнінде өтініш білдірген. Алайда Қызбек би ауданының № 1 соты күдіктінің қамауға алу мерзімін ұзарту жөнінде қаулы шығарды.
«Қозғалған істі өндіріске енгізу барысында айыпталушының қамауда болу мерзімі аяқталды. Сол себепті сот іс сотта қаралып жатқан кезде Сүлейменов Димаш Жұмкенұлының қамауда болу мерзімін ұзарту жөнінде қаулы шығарды»,-деп жария етті сот қаулысын судья Айгүл Мырзабекова.
Шенеунікке ҚР ҚК-нің 366 бабы, 2 бөлігі бойынша «заңсыз әрекет еткенін жасыру үшін пара алу» әрекеті бойынша күдік келтіріліп отыр.