Қарағанды облысында балаларды тегін үйірмемен қамтуға 1,1 млрд теңге бөлінді
Қарағанды облысында қазіргі таңда 144 үйірме жұмыс істейді, онда 4806 бала қосымша білімді тегін алады.
«Жан басына шаққандағы қаржыландыру бағдарламасы бойынша балалар халық және заманауи би, хореография, кескіндеме, сурет салу, қуыршақтану, киім үлгілеу, пішу және тігу, актерлік шеберлік, сахналық сөйлеу, модельдік өнер, өлкетану үйірмелеріне қатысады, сондай-ақ экскурсовод-гид болуға, эстрадалық вокалға, халық әніне, домбыра шертуге үйренеді. Бұл толық тізім емес. Шығармашылық тапсырыс бойынша үйірмелер Қарағанды, Теміртау, Шахтинск және Саран қалаларында жұмыс істейді», – деді Қарағанды облысының мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасынан.
«Батыл жүрек» және «Умницы» қоғамдық қайырымдылық қорында мүмкіндігі шектеулі 25 бала сурет салу, көркем сурет салу және мүсіндеу сабақтарын қатысады.
Биыл өңірдегі шығармашылық тапсырысты жан басына қаржыландыруға бюджеттен 1 миллиард 127 миллион теңге бөлінді.
«Менің қызым Эмилия екі жыл бойы La Dance complex студиясының Millennium ансамблінде билейді. Бірінші жылы біз ақылы оқыдық. Содан кейін ArtSport бағдарламасы туралы біліп, ваучер алдық. Бір жылдан бері тегін айналысып келеміз, әйтпесе айына 13 мың төлеуге тура келер еді. Менің ойымша, бұл балалар үшін тамаша мүмкіндік. Өйткені, ақылы үйірмеге баласын жіберуге барлық отбасының мүмкіндігі жоқ. Қызыма өте ұнайды», – деп атап өтті қарағандылық Наиля Имранова.
Бүгінгі таңда ансамбльде 3 жастан 13 жасқа дейінгі 200-ге жуық бала тәрбиеленеді.
Сондай-ақ кішкентай қарағандылықтардың арасында киім пішу және тігуді үйренгісі келетіндер көп. «Тоғжан» шығармашылық орталығында бұл істі сертификатталған шеберлер оқытады. Олар балаларға өлшем жасауға, үлгілерді ажырата алуға, ең бастысы, тігін шеберлігінің негіздерін игеруге көмектеседі. «Киім үлгілеу, пішу және тігу» бағытында төрт топта 30-дан астам бала оқиды.
«Бастапқыда бізде «Кескіндеме және сурет салу» бағыты бойынша алты топта шамамен 60 бала оқыды. Бір ғана оқытушы болды. ArtSport бағдарламасының енгізілуімен біздің орталықта тағы үш үйірме ашылды: домбыра, киім үлгілеу, пішу және тігу, графика. Тоғыз оқытушы жұмысқа қабылданды. Бүгінгі таңда бізде бұл үйірмелерге 280 адам тегін барады. Пішу және тігумен айналысатын балалар түрлі көрсетілімдерге қатысады, өз қолдарымен тігілген киімдер мен сөмкелерді ұсынады», – дейді орталық басшысы Айгүл Медеубаева.
Еске салсақ, Қазақстанда мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасы 2021 жылдың мамыр айында басталған болатын. Оның мақсаты – 4 пен 17 жас аралығындағы балаларды тегін үйірмелермен қамту. Жоба artsport.edu.kz порталында іске асырылады.
Фото: Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі