Қарағанды облысында балаларға арналған тегін секция мен үйірме мәселесі шешілді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында 2021 жылға арналған аймақ бюджетін нақтылау кезінде мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарға қаражат бөлінді. Облыстық мәслихат депутаттары онлайн режимінде өткен кезектен тыс V сессиясында шығыстардағы өзгерістерді бекітті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында балаларға арналған тегін секция мен үйірме мәселесі шешілді

«Бөлуге ұсынылатын қосымша қаражат көздері аудандар мен қалалар бюджетінің кіріс бөлігін, жергілікті атқарушы органдардың резервін күтілетін асыра орындау, мемлекеттік сатып алу қорытындылары бойынша үнемдеу, трансферттерді қайтару есебінен қалыптасты. Қаражат әлеуметтік салаға, бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға, даму бюджетіне бағытталды», – деп баяндады қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина.

Ол мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыстарды қаржыландыру қарастырылғанын хабарлады. Балалар қызығушылығы бар секциялар мен үйірмелерге тегін қатысады.

Тағы бір маңызды мәселе – балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету: мектептерде турникеттер, бейнебақылау жүйелері мен дабыл түймелері орнатылады.

Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, спорт және мәдениет нысандарының материалдық-техникалық базасын нығайту және жөндеу жұмыстарын қосымша қаржыландырады. Мүгедек адамдарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы сатып алынатын оңалту құралдары, шипажай-курорттық жолдамалардың құны бюджеттен өтеледі.

Соманың бір бөлігі инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Бұл су құбыры желісін қайта жаңарту, автожол мен көпірлерді жөндеу, жылумен жабдықтау желілері мен әлеуметтік нысандарды салу. Саран қаласын дамыту бойынша жобалар қаржыландырылды.

Сондай-ақ, ауыл әкімдерін сайлауды ұйымдастыруға қаражат қарастырылған.

«Біз өңірдің дамуы үшін маңызды бастамалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруды жалғастырамыз. Маңызды блок – бұл инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын дамыту. Өздеріңіз білетіндей, биыл ең аз дегенде 660 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, бұл 2020 жылға қарағанда ширек есе көп, тұрғын үй қоры 7 000 пәтерге ұлғайтылады. Тиісінше, инженерлік коммуникацияларды жүргізу қажет. Бұл мәселе шешілетін болады. Қарағандыда жылумен жабдықтаудың магистральдық желілерінің, Шахтинск қаласында қазандықтың құрылысын жалғастырамыз. Балқашта жылу желілерін қайта құруды бастаймыз», – деп атап өтті облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.

Облыста «Бизнестің жол картасы – 2025», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары бойынша кәсіпкерлік бастамаларды қолдау жалғастырылады. Бұл жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.