Қарағанды облысында бейресми жұмыспен қамтылғандар медсақтандыру қорына 16 млн теңге аударды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Бірыңғай жиынтық төлем енгізілген сәттен бастап бейресми жұмыспен қамтылған Қарағанды облысының тұрғындары медициналық сақтандыру қорына 16 миллион теңгеден астам қаржы төледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қарағанды облысында бейресми жұмыспен қамтылғандар медсақтандыру қорына 16 млн теңге аударды

Бірыңғай жиынтық төлем – бейресми жұмыспен қамтылған азаматтар үшін бірден бірнеше жүйеге қатысудың оңайлатылған тәсілі. Ол БЖТ жалпы тіркелген сомасынан міндетті аударымдардың төрт түрін қамтиды (қала тұрғындары үшін 1 АЕК - 2651 теңге және ауыл тұрғындары үшін 0,5 АЕК – 1326):

10% -жеке табыс салығына (ЖТС), 20% - мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, 30% - БЖЗҚ-дағы зейнетақы төлемдеріне, 40% - міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру қорына аударымдар.

«Өз бетінше жұмыспен айналысушылар үшін бұл ыңғайлы төлем, себебі зейнетақы өтілі, әлеуметтік жүйеге қатысуы есепке алынады және де салық органдарында ресми есепте тұрғаны көрінеді. Сондай-ақ, БЖТ тұрақты төлеу кезінде азаматтар «сақтандырылған» мәртебесіне ие болады және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне ғана емес, сонымен қатар кеңестік-диагностикалық қызметтер мен жоғары технологиялық операциялар кіретін МӘМС пакетіне де тегін қол жеткізеді», - деп толықтырды медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының бөлім басшысы Светлана Щеткина.

Естеріңізге сала кетейік, БЖТ Қазақстанда 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Осы уақыттан бастап аймақтың 6,5 мыңнан астам тұрғыны төлем жасаған.