Қарағанды облысында бір күнде 6 мас жүргізуші ұсталды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында бір күнде 858 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді. Тәртіп сақшылары оларды «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қарағанды облысында 8 қарашада «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы басталды және ол 17 қарашаға дейін жалғасады. Іс-шараның мақсаты – жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушыларды анықтау.
«Жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күні полиция қызметкерлері 858 жол ережесін бұзу әрекетін анықтады. Қауіпсіздік белдіктерін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 76 жүргізуші, телефонды пайдаланғаны үшін – 40, мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін – 6 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Жаяу жүргіншілер тарапынан 87 бұзушылыққа жол берілген», - деп хабарлады Қарағанды облысының полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, полицейлер профилактикалық мақсатта 333 жадынама мен буклет таратты, автожолдардың 246 шақырым авариялық-қауіпті учаскелерін тексерді.