Қарағанды облысында бір күнде 900-ге жуық жол ережесін бұзу фактісі тіркелді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында бір күнде 858 жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелді. Тәртіп сақшылары оларды «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
8-17 қараша аралығында Қарағанды облысында «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтуде. Іс-шараның мақсаты – жол-көлік оқиғаларын азайту және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау.
«Жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күні полиция қызметкерлері 858 жол ережесін бұзудың жолын кесті. Қауіпсіздік белдіктерін пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 76 жүргізуші, телефонды пайдаланғаны үшін – 40, мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін – 6 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жаяу жүргіншілер тарапынан 87 бұзушылыққа жол берілген», - деп хабарлады Қарағанды облысының ПД.
Сонымен қатар, полицейлер профилактикалық мақсатта 333 жадынама мен буклет таратты, автожолдардың 246 шақырым авариялық-қауіпті учаскелерін тексерді.