Қарағанды облысында бір жылда қанша жүкті әйел коронавирустан қайтыс болды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Медицина саласын дамытудың проблемалары мен әлеуеті әкімдіктің онлайн отырысында талқыланды. Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек әлеуметтік желілердегі тұрғындардың стационарлардағы жағдай, тамақтану сапасы мен медициналық қызметкерлердің қарым-қатынасын сынға алған хабарламаларына назар аударды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында бір жылда қанша жүкті әйел коронавирустан қайтыс болды

«Тамақтану, қызмет көрсету сапасымен теңестірген кезде дәрігерлердің қыруар еңбегі жойылып кетеді. Пандемия кезінде алдыңғы қатардағы дәрігерлер үлкен жұмыс жүргізуде, ал медицина саласындағы шенеуніктер проблемаларды көрмейді немесе көздерін жұмған. Сіз тұрғындардың жазғанын оқымайсыздар деген пікір бар. Бұл мәселеде тәртіп орнатыңыздар, мердігерлермен жұмыс істеңіздер, мониторинг, талдау, пациенттерге сауалнама жүргізіңіздер», – деді Жеңіс Қасымбек.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Гамаль Тоқсамбаев бұл мәселені мойындап, пациенттерді қолдау қызметтерін қайта ұйымдастыру жоспарлары туралы айтып берді. Жақын арада олардың жұмысын бақылау байқау кеңесіне бекітілетін болады, оған жұртшылық өкілдері мен мәслихат депутаттары кіреді.

Бүгінде өңірде туберкулез бен онкологиялық аурулардан болатын өлім-жітімнің төмендеуі байқалады.

Бұл ретте ана мен бала өлімі мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Өткен жылы жеті жүкті әйел коронавирустан қайтыс болды.

Мұндай жоғары көрсеткіштердің себептері мен оларды жою әдістерін Гамаль Тоқсамбаев түсіндірді.

«Біріншіден, бұл босандыру қызметі мамандарының тапшылығы мен біліктілігінің жеткіліксіз деңгейі, сондай-ақ оның бөлімшелерінің жеткіліксіз жарақтандырылуы. Емханаларда медициналық көмекті ұйымдастыру, оның ішінде оның сөзсіз қолжетімділігі мен уақтылылығын қамтамасыз ету бойынша мәселелер бар. Аталған проблемаларды шешу Қарағанды облысында 2022 жылға арналған денсаулық сақтау жүйесін дамыту жобасының негізіне айналды», – деп хабарлады Гамаль Тоқсамбаев.

Ірі медициналық ұйымдар заманауи техникамен жабдықталатын болады. Резидентурада дипломнан кейінгі білім алатын мамандар саны артады.

Биыл «Ана мен баланы қорғау» бағыты бойынша 26 резидент шығарылады.

Бұл ретте дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешу кезінде қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету бірінші орынға қойылады.

2021 жылы жас мамандар 199 жайлы пәтер алды. Биыл кем дегенде 200 пәтер беріледі.

Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіру жалғасады. 200 төсектік облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы аяқталуда.

Облыстық онкологиялық диспансердің операциялық-реанимациялық блогы аяқталады. Бұл операциялар санын жылына 1000-ға арттыруға мүмкіндік береді.

Қадамдық қолжетімділікте бес емхана ашу жоспарлануда. «Қазақмыс» корпорациясымен Сәтбаев қаласында консультациялық-диагностикалық орталық салу туралы келісімге қол жеткізілді.

Ауылдық жерлерде денсаулық сақтауды дамыту бойынша да жоспарлар бар. Биыл тағы төрт фельдшерлік-акушерлік пункт салынады.