Қарағанды облысында бірқатар ауыл көшелерінің жолдары жөнделді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысы Абай ауданының Топар кентінде жолдар ретке келтірілді. Жөндеу жұмыстарына «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша және жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жұмыстар аяқталды. Жобалық басқарманың арқасында мерзімдердің орындалуына мониторинг және сапаны бақылау жүргізілді.
«Атамекен, Молодежная, Николаев, Олимпийская, Пономарев, Сейфуллин, Сәтбаев көшелерінде, Жастар бульварында, сондай-ақ Гиппократ тұйық көшесінде жолдар жөнделді. Жол төсемі тегістеліп, асфальт төселді. Жастар гүлзарында жаяу жүргіншілер тротуарларын бойлай жарықтандыру жүргізілді», – деді Топар кентінің коммуналдық мәселелер және ТЖ бөлімінің басшысы Қадыр Балтаев.
Сонымен қатар, жолдарда жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар салынып, тротуарлар жасалды. Кенттің орталық көшесінде аялдама қалталары кеңейтіліп, асфальтталды.