Қарағанды облысында биыл барлық интернаттар жөнделеді
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов 2018-ші жылы мектеп жанындағы барлық интернаттардың проблемаларын толық шешуді тапсырды, деп хабарлайды өңір басшысының ресми сайты.
Аймақта қазіргі таңда 21 осындай мекеме жұмыс істейді. Жөндеуге қажет қаражат облыстық бюджеттен бөлінеді, ал материалдық-техникалық базаны жақсарту жергілікті бюджеттен қарастырылатын болады.
- Облыстың 2 178 мектеп жасындағы балалары бар 113 елді мекенінде мектеп жоқ. Оған қоса, соңғы жылдары аз қамтылған мектептерді желі нормативтеріне сәйкес келмегендіктен жабу үрдісі көзделуде. Бұл жағдайда мектеп жанындағы интернаттар ерекше маңызға ие болады, - деді аппараттық жиналыс барысында облыстық Білім басқармасының жетекшісі Есенғазы Иманғалиев. - Бүгінгі таңда облыста жобалық қуаттылығы 1 429 орынға шақталған 21 мектеп жанындағы интернат жұмыс істейді. Іс жүзінде оларда 935 бала тұрады (қуаттылықтың 65%).
Мемлекет үшін балаларды аз қамтылған мектептерде оқытқаннан гөрі интернаттарда асырап білім беру тиімдірек. Білім анағұрлым сапалы болған жағдайда шығындар екі есе қысқарады.
Сараптамалардың нәтижесінде мектеп жанындағы интернаттардың жағдайына қатысты бірқатар проблемалар анықталған. Ғимараттар жөндеуді қажет етеді. Оған қоса компьютерлік паркті жаңартып, толықтыру қажет, бейне бақылау камераларын орнату керек, асханалар мен кір жуатын бөлмелердің жабдықтарын жақсарту қажет. Кейбір интернаттарда оқушыларды жеткізетін автобустар жоқ.
- 10 интернат оған бейімделген ғимараттарда орналастырылған. Соңғы 15 жылда күрделі жөндеу тек бір интернатта жасалған - Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында. 14 интернатта 325 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жасалған. 6 интернатта жөндеу жүргізілген жоқ, - деп мәлімдеді Есенғазы Иманғалиев.
7 интернаттың шатыры жөндеуді қажет етеді, тоғызының терезе блоктарын және есіктерін ауыстыру керек. Оның барлығына 190 млн теңге қажет.
Өңірде тағы алты мектеп жанындағы интернаттардың ашылуы жоспарланып отыр. Олардың төртеуі жаңадан салынады - Бұқар Жырау, Ақтоғай, Нұра және Ұлытау аудандарында. Олардың жалпы қуаттылығы 400 орынды құрайды. Шет ауданының Ақжал кентінде және Осакаров ауданының Молодежный елді мекенінде бар ғимараттарда жөндеу жүргізіп, интернат құру мүмкіндіктері бар.
Есеп бойынша, мектеп жанындағы интернаттардың материалды-техникалық базасын нығайтуға 89,9 млн теңге, ғимараттарды жөндеуге - 609,1 млн теңге, құрылысқа - 1,1 млрд теңге қажет.
- Мектеп жанындағы интернаттардың барлық мәселелерін жүйелі түрде шешу қажет. Біз 2018-ші жылға облыстық бюджеттен 4,5 млрд теңгені білім нысандарының жөндеуіне бөлеміз. Оның ішінде барлық мектеп жанындағы интернаттарды жөндеу керек - бұл мәселені жабу керек. Ал жабдықтау, компьютерлеу, басқасының барлығын - аудан әкімдеріне жергілікті бюджеттен қамтамасыз етуді тапсырамын, - деп қорытындылады Ерлан Қошанов.