Қарағанды облысында бұршақ жауады деп күтілуде - 14 тамызға арналған ауа райы болжамы
АСТАНА. 13 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан аумағының басым бөлігі 14 тамызда жоғары қысым ықпалында болады, ауа райы жауын-шашынсыз болады деп күтілуде, республиканың солтүстігінде кей жерлерде тұман түседі.
Бұл туралы Қазгидрометке сілтеме жасап, ҚР ТЖМ баспасөз қызметінен хабарлайды.
Шығыс пен оңтүстік-шығыста кей жерлерде найзағай жарқылдап, жаңбыр жауады, жел күшейеді. Түнде және таңертең Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды облыстарында кей жерлерде тұман түседі деп күтілуде, күндіз Қарағанды облысында кей жерлерде бұршақ жаууы мүмкін.
Алматы, Жамбыл, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында, күндіз Оңтүстік Қазақстан облысында кей жерлерде жел 15-20 м/с-қа күшейеді деп күтілуде.
Атырау облысында, Батыс Қазақстан облысының кей жерлерінде күндіз қатты ыстық болады деп күтілуде. Оңтүстікте, республика орталығының кей жерлерінде төтенше жоғары өрт қаупі сақталады.
Алдағы тәуліктерде жауын жаууына байланысты Батыс Алтай өзендерінде (Бұқтырма, Оба, Тұрғысын, Қара Ертіс және т.б.) әрі қарай су деңгейінің көтерілуі күтілуде, жекелеген өзендерде су жайылуы және су деңгейінің көтерілуі мүмкін.
Республиканың оңтүстігінің және оңтүстік-шығысының таулы өзендерінде су деңгейінің тұрақсыздығы байқалады. Қостанай облысының Үй және Тобыл (Қаратамар су қоймасынан төмен) өзендерінде су деңгейінің көтерілуі күтілуде.
Естеріңізге сала кетейік, 14 тамызда қатты жауын жауады деп болжануына байланысты Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген таулы өзендері ауданында су тасуы күтілуде. Шығыс Қазақстан облысында су жайылуы және су деңгейінің көтерілуі мүмкін.