Қарағанды облысында бұрынғы әскери прокурорға 3,2 млн теңге айыппұл салынды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды гарнизонының Әскери соты Приозерск гарнизоны Әскери прокуратурасының бұрынғы аға прокуроры Анвар Раджаповқа қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осы жылдың 24 сәуірінде Қарағанды гарнизонының Әскери сотының судьясы Есен Жұмабек Приозерск гарнизоны Әскери прокуратурасының бұрынғы аға прокуроры Анвар Раджаповқа қатысты сот шешімін шығарған.
«Ол кінәлі деп танылған бап «Сыбайлас жемқорлыққа делдал болу» - орташа ауыр дәрежелі, ҚР Қылмыстық кодексінің 368-бабы 1-бөлігімен сараланатын қылмыс. Сот оны кінәлі деп тапты», - деді Қарағанды гарнизоны Әскери сотының төрағасы Айдар Исабеков агенттік тілшісіне.
Оның айтуынша, сотталушы сот өндірісі барысында айыпты мойындау туралы прокурормен процессуалдық келісімге келген.
«Процессуалдық келісім бойынша ол айыппұл салу түріндегі жазаға келісті. Прокурор бұнымен келісіп, осы келісім негізінде іс сотқа келіп түсті. 24 сәуір күні іс қаралып, ол кінәлі деп танылды», - дейді Айдар Исабеков.
Айыппұл параның он еселенген сомасы бойынша белгіленген.
«Оның алған парасы 1000 доллар еді. Теңгеге шаққанда айыппұл 3 273 200 теңге болып шықты. Сонымен бірге, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте еңбек ету құқығынан, «капитан» әскери шенінен айырылды», - дейді Айдар Исабеков.
Анвар Раджапов жемқорлыққа делдал болғаны үшін кінәлі деп танылып, сотталған Қарағанды облысының бұрынғы прокуроры Ержан Тұрысбековтың ісі бойынша сотқа тартылған еді.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Қарағанды облысының Приозерск қалалық соты Қарағанды облысының бұрынғы прокуроры Ержан Тұрысбековке қатысты үкім шығарған болатын.