Қарағанды облысында далада адасып жүрген 5 жасар қыз құтқарылды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бұқар жырау ауданында полицейлер ен далада адасып жүрген 5 жасар қызды тауып алды. Денесін суық шалған қызды олар ауруханаға жеткізді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Байқадам ауылындағы орта мектептің даярлық сыныбының бес жасар оқушысы 16:30-да мектептен шыққан және ұшты-күйлі жоғалған.
«Баланы іздеуге Бұқар жырау ауданы ІІБ барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Бес іздеу тобы құрылды. Іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері бүлдіршінді түнгі 11 жарымда елді мекеннен бес шақырым жерден тапты. Баланың адасып кеткені анықталды. Полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуінің арқасында қайғылы оқиғаның алдын алды», - деп хабарлады Қарағанды облысы ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Бақытжан Құдияров. Жалпы ағзасы суықтаған қыз аудандық ауруханаға жеткізілді.