Қарағанды облысында демалыс күндері 18 жол-көлік оқиғасы болды

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Ауа райының күрт өзгеруі, сондай-ақ көлік жүргізушілерінің жылдамдықты шектен тыс асыру салдарынан демалыс күндері Қарағанды облысының аумағынан өтетін республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар мен Қарағанды қаласының өзінде18 жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан үш адам жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында демалыс күндері 18 жол-көлік оқиғасы болды

7 ақпан күні Осакаров ауданында «Осакаров-Қарағанды» тас жолында Батпақ елдімекенінен 2 шақырым жерде жолдың көрінбеуінен 31 жастағы Мерседес автокөлігінің жүргізушісі жол шетіндегі қарға соғылған. Осыдан кейін аталған көлікке артынша үш көлік соқтығысқан. Жол көлік оқиғасының салдарынан жәбірленушілер мен қайтыс болғандар жоқ.

Сондай-ақ, 7 ақпан күні «Қарағанды-Есенгелді» тас жолында 32 жастағы Мерседес-Бенц автокөлігінің жүргізушісі ауа райының қолайсыздығынан көлікке ие бола алмай қалып, Тойота-Камри автокөлігімен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Тойота-Камри автокөлігінің жолаушысы жарақат алды.

Дәл осы күні Қарағанды қаласында 25 жастағы Дунфен қоғамдық көлігінің жүргізушісі Бұқар-Жырау даңғылында ара қашықтықты сақтамай, алдында келе жатқан MAN автобусымен соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Дунфен қоғамдық көлігінің 23 жасар жолаушысына алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

Қарағанды облысы Полиция департаменті ауа райының күрт өзгеруіне байланысты көлік жүргізушілерден жол жүру ережелерін қатаң сақтауды, жылдамдықты шектен тыс асырмауды сұрайды. Сондай-ақ, мүмкіндігінше алыс жолдарға шықпауға кеңес береді.