Қарағанды облысында егіс алқаптарында зиянкестерді улау жұмысы жүргізіледі

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында көктемгі егіс жұмыстарының нәтижесі қорытындыланды. Егін егу науқаны кәсіпорындардың алдын ала дайындалуы мен уақтылы қаржыландырудың арқасында дер кезінде аяқталды. Аграрийлер ендігі кезекте жазғы маусымдық жұмыстарға кірісе бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында егіс алқаптарында зиянкестерді улау жұмысы жүргізіледі

«Облыс бойынша егіс жұмыстары жоспарланған мерзімде аяқталды. Биылғы жылы жаздық егіс көлемі 1 млн 1 мың 200 га құрады, бұл 2019 жылғы деңгейден 51,1 мың гектарға артық. Өткен жылмен салыстырғанда дәнді және дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі 32,7 мың гектарға артып, 895,7 мың га құрады, оның ішінде арпа - 18,2 мың га және сұлы - 7,0 мың га», - деді ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Сағынжан Апақашов онлайн режимінде өткен аппараттық кеңес барысында.

Облыста биыл картоп пен көкөніс көп егілді. Майлы және азықтық дақылдар егісі де ұлғайды. Шаруашылықтар сондай-ақ сұрыпты жаңартумен айналысуда. Ол үшін 8 700 тоннадан астам жоғары өнімді дәнді дақылдар тұқымы, 4 300 тоннадан астам картоп тұқымы сатып алынды. Таңдаулы тұқымдар егістігі кеңейді.

Басқарма басшысының айтуынша, ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілер 335 млн теңге көлемінде субсидия алды. ҚазАгро институттары арқылы 135 кәсіпорынға көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге жалпы сомасы 4,2 млрд.теңгеден астам несие берілді. 19 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді.

«Бағдарламалар бойынша субсидиялар төлеу жалғасуда, оның ішінде арамшөптерге қарсы химиялық тазарту және өсімдіктер аурулары мен зиянкестерге қарсы өңдеу қарастырылған. Ауыл шаруашылық алқаптары мен дақылдардың егістері күн сайын тексеріліп отырады», - деді Сағынжан Апақашов.

Алқаптарды шегірткеге қарсы өңдеу басталды. Оған республикалық және облыстық бюджеттен қаржы бөлінді.

Алда басқа да маусымдық жұмыстар бар - күзгі дақылдар егілетін жерлерді өңдеу және жем-шөп дайындау.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аграрлық секторға барынша қолдау көрсетуді тапсырды.