Қарағанды облысында экологиялық фестивальдің қорытындысы шықты

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат – Қарағанды облысында «Бөлу, тапсыру, қайта өңдеу!» атты мектеп оқушылары арасындағы фестиваль аяқталды. Конкурс Жезқазған және Балқаш мектептері арасында өтіп, 20 мыңнан астам адамды қамтыды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында экологиялық фестивальдің қорытындысы шықты

Фестиваль қараша айында басталды. Бастамашы «Қазыхмыс» корпорациясы болды.

Шараға қатысқан 20 оқу орны, осы уақыт ішінде 60-тан астам түрлі іс-шаралар өткізді.

«1–11 сынып оқушылары қатысты. Экосабақтарды өткізу үшін оқытушылар қалдықтармен жұмыс істеу туралы баяндайтын белгілі бір материалдар жиынтығын алды. Бірақ біздің мұғалімдер өте дарынды. Олар іс-шаралардың 90%-дан астамын өздері ойлап тапты», – дейді фестиваль кураторы Ирина Игнатович.

Қайталама шикізаттан қолөнер жасау және ескі газеттерден себет тоқу бойынша шеберлік сыныптары өткізілді.

Үстел ойындары мен бүкіл ойын жиынтықтары жасалды. Бүгінгі таңда танымал экошоперлерді бояу бойынша сабақтар өтті.

Оқушылар қоршаған ортаны ластау көздері туралы біліп, тәжірибе сабақтарына қатысты.

Фестиваль аясында барлық мектептерде қайталама шикізатты жинауға арналған арнайы контейнерлер орнатылды.

Балаларға қағазды, пластикалық қақпақтарды және батарейкаларды неге бөлу қажет екендігі, қоқыстың топырақ пен судың сапасына қалай әсер ететіні айтылды және көрсетілді.

«Бастапқыда үздік үштікті марапаттау жоспарланған болатын. Бірақ барлық іс-шаралар соншалықты қызықты болды, әр қатысушы мектеп алғыс хатпен және сыйлықтармен марапатталды. Олар да экологиялық таза. Бұл қайта өңделген пластиктен жасалған жабық гүл тіректері. Нұр-Сұлтанда үш мектепке құм мен полиэтиленнен жасалған эко орындықтар табыс етілді. Экологиялық фестиваль аясындағы игі бастамалар жаңа жылда да жалғасын табады деп үміттенеміз», – дейді Ирина Игнатович.