Қарағанды облысында электр станциялары мен жылу желілерін жөндеуге баса назар аударылады

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысында келесі жылыту маусымына дайындық жүріп жатыр. Биыл өңірде жылу және электр желілері мен жылу электр станцияларын жөндеуге баса назар аударылмақ. Сондай-ақ, көпқабатты тұрғын үйлер алдағы жылыту маусымына дайындалады. Бұл ретте өткен күзгі-қысқы кезеңдегі қателіктер мен проблемалар ескерілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды облысында электр станциялары мен жылу желілерін жөндеуге баса назар аударылады

2021 жылы жөндеу жұмыстарына 69 миллиардтан астам теңге бөлінеді. Жоспарда 21,1 миллиард теңге сомасына 8 энергия көздерінде 26 қазандық пен 15 турбинаны жөндеу көзделген.

«72 қазандық, 693 автономды жылыту жүйесі, 115 км жылу, 3300 км электр, 310 км су құбыры және кәріз желілері, 7 мыңға жуық көп қабатты тұрғын үй, 1350 әлеуметтік нысан дайындалады», - деп бөлісті Ұлантай Үсенов.

Сондай-ақ, ол барлық станциялармен көмір жеткізуге шарттар жасалғанын және оны көмір қоймаларына жеткізу жүріп жатқанын хабарлады. Жалпы, алдағы күзгі-қысқы кезеңге 4 миллион тоннадан астам көмір жеткізіледі. Бюджеттік ұйымдар мен әлеуметтік – мәдени тұрмыстық нысандар үшін 537 мың тонна көмір, тұрғындар үшін 1 152 мың тонна көмір қарастырылған.

«Қазір станцияларда жөндеу науқаны басталды. Кейбір станцияларда негізгі және қосалқы жабдықтарда жоспарлы күрделі жөндеулер жүргізіледі», - деді энергетика және ТКШ басқармасының басшысы.