Қарағанды облысында еріген қар суына үш адам батып кетті

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында жол апаты салдарынан тасыған қар суына үш адам батып кетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қарағанды облысында еріген қар суына үш адам батып кетті

31 наурыз күні сағат 20:00-де ТЖ департаментінің кезекшілік бөліміне «Қарашоқы-Бесоба» жергілікті маңыздағы тасжолында  «УАЗ» автомобилі еріген қар суына толған жыраға түсіп кеткені туралы хабарлама түскен.

«7 орындық машинаның салонында 14 адам болғандығы анықталды. Апатқа ұшыраған көліктегі он бір адам судан өздері шығып, жол үстіне көтерілген. Суға кеткен үш адам іздестірілуде. Құтқарушылар мен техникалар жұмылдырылды. Жол апаты көктемгі су тасқыны салдарынан болған жоқ. Бұл аумақта тасыған судың биіктігі небәрі 10 сантиметрді құрады», - деді Қарағанды облыстық ТЖ департаментінің баспасөз хатшысы Қуаныш Мүтәллапов.

Ішкі істер департаментінің мамандары жол-көлік оқиғасына қатысты тексеріс жүргізуде. Алдын ала деректер бойынша, жүргізуші рульге ие бола алмай, жыраға құлаған.

Қуаныш Мүтәллапов атап өткендей, «Қарашоқы-Бесоба» жергілікті маңыздағы жолының аумағында қосалқы жол болған.

«Альтернативті, қауіпсіз, су тасқынынан қорғалған жол бар. Барлық автомобиль жүргізушілері осы жолды қолданады. Жүргізушінің не себепті осылай жасағанын құқық қорғау органдары анықтайтын болады», - деді Қуаныш Мүтәллапов.

Апат және жолаушылардың шамадан тыс көп болу фактісіне байланысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. «Барлық автомобиль иелеріне өтініш: тасқын болған жолдармен жүрмеулеріңізді сұраймыз. Бұл өміріңізге қауіпті», - деп ескертті ТЖД баспасөз хатшысы.